Депутат сөзі шенеунікке «доступно» болды ма?
Бәрекелді, Сәке! Сіздің бұл азаматтық әрекетіңізді ерлік деп әдіптеп, асыра сілтемей-ақ қояйын. Бірақ ұлттың жаны — тілімізді шырылдап қорғағаныңыз, оның қорғаушысы бар екенін ескерткеніңіз өзгелерге үлгі болса ләзім. Оқырманға түсінікті болу үшін тіл жанашырларын елеңдеткен бұл жайтты алдымен қысқаша түсіндіріп берейін. Мәжілісте нотариат және адвокатура институттарын дамыту мәселесі талқыланған отырыста республикалық адвокаттар алқасының торағасы Әнуар Түгел депутаттардың қазақша қойған сұрақтарына орыс тілінде жауап беріп жатты. Сауытбек Абдірахманов мырза бұған шыдамады-ау деймін, былай деді:
— Депутаттың сұрағына жауап бере отырып, сіздің «хочу ответить на русском языке, так будет доступное» дегеніңізді қалай түсінуге болады? Депутат Байрамовтың сұрағына жауап қайтарған кезде де сол логика бойынша сөйледіңіз. Сонда, сіздің пікіріңізше, жауапты қазақ тілінде қайтарғанда ойды «доступно» жеткізудің мүмкіндігі жоқ па? Менің ойымша, сіздің жауаптарыңыздың тілі басқа үшін емес, сіз үшін түсінікті. Бұл басқа мәселе. Бірақ қазақ тілін кемсітіп сөйлемеуді сұраймыз.
Әріптесіміз Сауытбек Абдірахманов Әнуар бауырына осылай ағалық ақылын айтты, қатаң ескерту жасады. Рас-ау, тек Әнуар емес, өзі қазақ бола тұрып, өз тілін талайлардың неге кемсітетініне түсінбейміз. Әнеу бір кезде тағы бір министр «Мен Мәскеуде жүргенде қазақ тілін ұмытып қалыппын» деп кергігені бар. Неге осындай намыссыз, қазақи рухтан ада жігіттеріміздің көбейіп кеткеніне таңмын. Мемлекеттік тіл деген дардай аты бар қазақ тілін үнемі кемсітіп, менсінбей жүргендерге неге тоқтау салмаймыз? Айтасың, айтасың, тақта тығып алғандай құлақтарына кірмейді-ау, кірмейді. Әбден жауыр болды бұл тақырып. Күдеріңді үздіріп, үмітіңді солдырып, сеніміңді талқандау кімге керек екен-ә? Мемлекеттік тіл деген атын былай қойып, қызметтерінен ат үркетін азаматтарымыздың, шенеуніктеріміздің өз ана тілін қорлауға қақысы бар ма өзі? Жоқ! Тілімізді қорлама, кемсітпе! Сіз осы мемлекеттің арқасында азамат деген дардай атқа ие болып отырсыз. Осы мемлекет арқылы қызмет істеп, нанын жеп, алшаңдап жүрсіз. Осы мемлекет, оның басында тұрған Президентіміз сізге зор сенім артқанын жоққа шығармайтын боларсыз. Сол мемлекеттің басты тілін қорлау, менсінбеу, оны үйренбеу, меніңше, зор күнә. Ол жай ана тілі емес, тағы қайталап айтамын, бұл — мемлекеттік тіл. «Рухани жаңғыру» деп баршаңыздың алдыңызға зор мәселе етіп қойған. Президентіміздің айтқанын, пәрменін бәлкім түсінбей қалған боларсыздар. Рухани жаңғыру тілден, ана тілінен басталатынын неге білмейсіздер? Тіліңізді білмесеңіз, салт-дәстүріңізді білмейсіз. Ар жағы айтпаса да түсінікті емес пе?!
Айтқан сөзіңнің діттеген адамдарға жетпейтіні жаман. Журналистер, тіл жанашырлары айтудай-ақ айтып та, жазып та жатыр. Небір үндеулер шықты. Бірақ «баяғы жартас — бір жартас». Сәке, Сауытбек аға! Тіл майданы — қасиетті майдан. Тілді, ұлтымызды кемсіткен бір шенеунікті орнына қойдыңыз. Енді сіздің мұнымен тоқтамауыңызды өтінеміз. Парламент тарапынан топ ашуға мұрындық болсаңыз. Мемлекеттік тілді білмейтіндермен, әсіресе шенеуніктермен күрес жүргізсеңіз. Біздіңше, тіл комитетіндегілермен бірлесіп министрліктерді, әкімшіліктерді, одан қалды мекемелерді, ірі компанияларды бір сүзіп шыққан абзал болар. Біз, журналистер, соның ішінде «Қазақстан ZAMAN» газеті сізбен біргеміз. Тіл білмейтіндердің тізімін беріп, халыққа жария етуге біз дайын. Бәлкім мұны «Рухани жаңғыру» майданы деп атармыз. Бұл майданнан өзіңіз көп жыл басқарған «Егемен Қазақстан» да қалыс қалмайтын болар. Басты мақсат қасиетті де қастерлі тілімізді ешкім қорламасын, кемсітпесін, оның еңсесі биік болып, атамекенінде маңдайы жарқырап асқақтап тұрсын деген арман ғой баяғы…