Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–53
+7(701) 533-12-29
» » АЛҒЫСЫМЫЗДЫҢ АЙҒАҒЫ

АЛҒЫСЫМЫЗДЫҢ АЙҒАҒЫ

27 март 2019, Среда
743
0
«Айқын» газеті
2019 жылғы 27 наурыз 
 
Сауытбек АБДРАХМАНОВ, 
Мәжіліс депутаты
 

   
АЛҒЫСЫМЫЗДЫҢ АЙҒАҒЫ
«Астананың атын ауыстыруға қалай қарайсыз?» деген сауалды осы күндерде бірнеше БАҚ өкілдері қайта-қайта қоюмен болды. Қысқа қайырым жауаптармен шектелген едік. Тағы да айтуға, сәл кеңейтіп айтуға тура келеді. 
Ел өміріндегі белесті бетбұрысты мемлекет тарихында біржола бедерлеу, еңбегі ерекше сіңген, сол елдің тарихын өзгертуге тікелей ықпал еткен ұлы тұлғалардың атын ұлықтау дәстүрі әлемде бұрыннан бар. 
Ана жылы бізде Тұңғыш Президент күні белгіленгенде біраз жұрт: «Бұл қайдан шық­қан мереке? Әлемде ондай мереке атымен жоқ қой» дескен. Арнайы мақала жазып, «Демократияның даңқты дәстүр­лерінің дің­гегі саналатын Америка Құрама Штат­та­ры­ның өзінде Президент күні баяғыда бел­гі­ленгенін, ал ол күнге елдің тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның туған күні алынға­нын білмейміз немесе біле тұра білмеген бо­ламыз. Бұл үшін АҚШ-тың арғы-бергі та­ри­хын жілікше шағу шарт емес, Юрий Но­совтың «Президент. Замечательные страницы американского президентства от Джорджа Вашингтона до Барака Обамы» атты кітабын оқып шығу да, Вашингтон туралы тараудағы «Он родился 22 февраля 1732 года, ныне этот день является в США государственным празд­ником» (49-бет) деген жолдарға зер салып жату да шарт емес, Интернетті шұқып қалу, тиісті ақпаратты анықтай салу жетіп жатыр» деуімізге («Ер жолы – ел жолы», «Еге­мен Қазақстан», 2013 жыл, 4 желтоқсан) тура келген. Бүкіл өркениетті әлемнің салған жо­лымен жүрудің өзіне күдіктенудің, не нәрсеге де сезік-секеммен қарай берудің жөнсіздігін ұғынатын уақытымыз келгені күмәнсіз. 
Тағы да айтамыз: бұл бүкіл әлемде бая­ғыдан қалыптасқан жай. Адамзаттың арғы-бергі тариxында xалықтар өзі құрмет тұтқан, ерекше еңбегі сіңген тұлғалардың атын көшелер, алаңдар тұрмақ қалаларға, адам қолымен салынған қалалар тұрмақ, жермен бірге жаралған тауларға, өзендерге, аралдарға, мүйістерге, бұғаздарға, теңіздерге беріп, есімін ардақтаумен келеді. Врангель аралы, Магеллан бұғазы, Дежнев мүйісі, Кук тауы, Гудзон шығанағы, Челюскин мүйісі, Кеннеди мүйісі, Беринг теңізі, Баренц теңізі деген сияқ­ты атаулар толып жатыр. Адам аты бе­рілген мемлекеттер де баршылық – Колумбия сол құрлықты ашқан Христофор Колумбтың атына, Боливия сол елдің азаттығы үшін күрескен қолбасшы Симон Боливардың атына қойылған. Ондай тұтас империялар да болды, мысалы, Осман империясы. Жеке адамның құрметіне аталып кеткен халықтар да бар. Өзбектер Алтын Орда ханы Өзбектің атымен, ноғайлар Алтын Орда заманында аты жер жарған қолбасшы Ноғайдың атымен аталған. Оны айтамыз, тұтас құрлық атышулы теңіз саяхатшысы Америго Веспуччидің құрметіне аталып отыр ғой. Адам аты қойылған қалаларды санамалап әуре болмай-ақ қояйық. Олардың арасында астаналары да аз емес. Хрестоматиялық мысал – Вашингтон. Әлемдегі ең демократиялық делінетін сол еліңіздің өзі тәуелсіздік алғаннан кейінгі аста­насын сол қаланы салдырған, елге тәуелсіздік алдырған Джордж Вашингтонның құрметіне атады. Айтқандай, қаланың Вашингтон деп аталған жылына назар аударыңыз: 1791 жыл, яғни қаланың іргесі қаланғаннан кейін небәрі екі жыл өткенде. Америка Құрама Штатта­рында Вашингтон штаты да бар, Вашингтон көлі де бар, Вашингтон аралы да бар, Ва­шингтон тауы да бар, тұңғыш президенттің құрметіне қойылған елдімекендерді, кол­ледж­дерді, университетті, көшелерді, алаң­дарды атамағанда. 
Өзгелер жасағанды бізге неге жасауға болмасын? Жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасытатын халықтық қалпымызға бұл әбден жарасымды. 
Оның үстіне ел астанасы Елбасымыздың Алматыдан көшіп келіп, елді жаңа кабинеттен басқара бастаған қаласы емес, бұл қала астананы ауыстыру Нұрсұлтан Назарбаевтың ең жақын әріптестерінің тарапынан да қолдау таппай тұрғанында, халықтың басым бөлігі «Айлық пен зейнетақыны жеткізе алмай жатқанда мұны қайдан шығарды тағы?» деп үрке қараған сын шақта тізеден басып тұрып, шешім қабылдаттырған қаласы, жеке бастамасы, ешкім ортақтаса алмайтын төл идеясы, ұлы идеясы, тікелей өзі салдырған, ғажайып жобасымен алысты да, жақынды да, Шығысты да, Батысты да қайран қалдырған қаласы. Қазақтың қазақ болғалы жеткен ең жарқын жеңісінің бірі. 
Мына жайды да қадап айту керек. Астанамыздың аты Нұрсұлтан қаласы емес, астанамыздың аты – Нұр-Сұлтан қаласы. Адам есімін сол күйінде қоя салу емес бұл. Елбасымыздың әрі мағыналы, әрі әуезді атын ала отырып, есімнің мәнін тереңдету бұл. «Сұлтан» сөзі мұсылман елдерінде билік лауазымының аты. «Сұлтан» сөзі оған қоса төл тілімізде бекзаттықтың бір баламасы. Асыл азаматтыққа сүйсінгенде «жігіттің сұл­таны» дейтініміз содан. Демек енді ел аста­насы атының мағынасы «Нұрлы Сұлтандық», яғни «Нұрлы бекзаттық» та болып шығады. Бұл атау халықтың рухын асқақтатып, елдік санасын биіктікке, тазалыққа, тектілікке шақырып тұрады әрі бұл арқылы келер замандардағы ұрпақтарымыз да Қазақ елі астанасының аты мемлекеттің Тұңғыш Президентінің, осы қаланы өзі салдырған адамның – мыңжылдықтар межесінде, ға­сырлар тоғысында жаңа ел құрған, мемле­кеттің астанасын Арқаға ауыстырып, өзіміздің жерімізге өзімізді толық әрі түпкілікті қожайын еткізген, елдің, жердің иесі де, киесі де қазақ екенін шегелеп шегендеген, сан алуан ұлысты ұйыстыра ұстап, халқымызды мемлекетқұрушы ұлт еткізген, елін отыз жыл бойы біліктілікпен, байыптылықпен басқа­рып, отыз жыл бойы елінің таңын тыныш атқызып, күнін бейбіт батқызған, Қазақстан­ды әлемге әйгілеп, өркениет өріне шығарып берген ұлы перзент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне қойылғанын да дәйім есте ұстайды. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ­То­қаевтың бұл шешімі – халықтың ақ алғы­сын айғақтайтын, кеңінен ойластырылған кемел шешім. Оның дәл солай екенін дана уақыт даусыз дәлелдейтін болады

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры