«Жүз жылдық жылнама» — тарихтың түпнұсқасы
Егемен Қазақстан»
2019 жылғы 12 маусым
Мирас АСАН
«Жүз жылдық жылнама» — тарихтың түпнұсқасы
«Егемен Қазақстан» – ел газеті ғана емес, ұрпақ бағдаршамы, ұлт шежіресі деуге болады. Оның бетінде жарық көрген әрбір әріп – ертеңгі тарих, өткенге өнеге. Кеше елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Жүз жылдық жылнама» атты 5 томдық жинақтың тұсаукесерінде айтылған осы тақылеттес ойлар бізді біраз жайға қанық етті.
«Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойы аясында қолға алынған қомақты жұмыстың бірі де осынау еңбек десек қателеспейміз. Тұсаукесер рәсімін ашып берген «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ-тың басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі атап өткендей, «Фолиант» баспасында жарық көріп, 2000 данамен таралып отырған 5 томдық жинақ 1919-1976 жылдар аралығын қамтиды.
«1919 жылы «Ұшқын» деген атпен шыға бастаған басылым әр жылдары түрлі атпен шықса да, тілдің, діннің, жердің, емленің мәселесін, ұлт мүддесін көтерді. Сол тұстағы зиялылардың арасындағы айтыс-тартыс, ашаршылық, репрессия, соғыс пен тың игеру сияқты тарихи оқиғалардың бәрі осы жинақта қамтылды. Сондықтан бұл жинақты дәуірдің айнасы, жүз жылдық тарихымыздың боямасыз жылнамасы деуге болады. Қазақ тарихының шежірешісіне айналған газеттің бетінде Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғаббас Тоғжанов, Ғабит Мүсірепов сияқты арыстардың ізі қалды. Бұл жинақ газет оқырмандарына ғана емес, журналистика тарихы мен әдебиеттің өткенін зерттеп жүрген ғалымдарға, кәсіби тарихшыларға да таптырмас құрал болады деп ойлаймын», деді Дархан Қыдырәлі.
Жинақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көргенін айта кетуіміз керек. Жалпы, ауқымды жоба әрі қарай жалғасын табады. Бұл туралы жиынға қатысқан Ақпарат комитетінің төрайымы Ләззат Сүйіндік айтып берді. «Басылым тарихы – ұлт тарихы. Игі бастама келешек ұрпақ үшін таптырмас қазына. Алғашқы бес томдық мұнымен тоқтап қалмайды. Міндетті түрде жалғасын табатын болады», деді Л.Сүйіндік.
Аталған жиынға сонымен қатар белгілі қоғам қайраткерлері, газеттің ардагер журналистері, БАҚ басшылары қатысып жинақ туралы жылы лебіздерін білдірді. Өз кезегінде «Жүз жылдық жылнама» жобасына басшылық еткен ғалым Намазалы Омашев бес томдыққа кеңінен тоқталды.
«Жүз жылдың тарихын бес томға сыйғызу мүмкін емес, әрине. Оның үстіне шынайы тарихты айту қиын іс. Әсіресе біз сияқты халықтың тарихы қилы-қилы екенін жақсы білесіздер. Еңбек ең алдымен баспасөз тарихын зерделеуде таптырмас құрал десек болады. Бұл жерде ешқандай бұрмалауы жоқ бүкпесіз шындық көрсетілген. Осы кітапты оқып отырған адам өзі де байқайды, сол 1919-1920 жылдардағыдай ұлт мәселесіне, оның ішінде тіл, жер мәселелеріне батыл барған кезді біз одан кейін көре бермейміз. Айталық, бір жылдың өзінде Сәкен Сейфуллин мемлекеттік тіл туралы осы газет бетінде көлемді бес мақала жазған. Былайша айтқанда, бұл бес томдық тарих түпнұсқасы», деді Н.Омашев.
Сонымен қатар осы бес томдыққа тер төккен адамдардың бірі, белгілі журналист Жанболат Аупбаев кітап таныстырылымы барысында бес томдыққа қатысты негізгі қамтылған жұмыстар жөнінде айтып өтті.
«Бұл кітап бір күнде шыға салған жоқ. Жан-жақты сараланды, материалдар салмақтанды. Кейде мақалалардан бөлек суреттердің де тарихын осы жинаққа кіргізуге тура келген жағдайлар болды. Айталық газет қызметкерлері жақсы біледі, кеңейтілген, қысқа текстовкалар деген болады. Сол кеңейтілген текстовканың бірінде Қостанай облысынан берілген суреттің астында Әміре Қашаубаевтың қызы Қостанай облыстық филармониясында әнші болып жұмыс істеген деген жазу бар. Біз соны текстовка болса да осы жинаққа кіргізіп, қысқаша түсініктеме жаздық және мұндай қызық фактілер осы жинақта көптеп кездеседі», деді ардагер журналист Ж.Аупбаев.
Әрине «Егемен Қазақстан» газетіне мақала жазбаған қазақ зиялылары кем де кем. Сонау Алаш арыстарынан бастап, бүгінгі мемлекет және қоғам қайраткерлері, айтулы ақын-жазушылар, ғалымдар бас басылым бетінде қалам тербеп, біразы тіпті қызмет те атқарған. Профессор Мырзатай Жолдасбековтің ең алғашқы мақалаларының бірі, ақын Сайфи Құдаштың кітабына жазған рецензиясы 1962 жылы осы басылымда жарық көрген.
Шара барысында сондай-ақ газетке ұзақ жылдар басшылық еткен ақтаңгер публицист, Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов жаңадан тұсауы кесіліп жатқан жинаққа өз пікірін білдіріп, жоғары баға берді. «Кейде қалжыңдап айтып жатамыз «Кітаптың тұсаукесері – кітапты оқымай жатып мақтайтын жер» деп. Бірақ бүгінгі бес томдықты біз шынымен оқымай мақтауға тиіспіз. Өйткені қазақтың көзіқарақты әрбір азаматы «Егемен Қазақстанның» ел өміріндегі елеулі орнын біледі. Бұл ретте егемендіктер ерен іс тындырды деп толық айта аламыз. Іс-шараның басында басылым басшысы Дархан Қуандықұлы «Фолиант» басшысы Нұрлан Исабековке алғыс айтып өтті. Шынымен де кітапты басып шығаруда баспа аса бір ыждағаттылықпен жұмыс істегені көрініп тұр. Кітап дизайны, тіпті кітапқа таңдалған қоңыр түстің өзі қазақтың мінезін, сөзін, даласын тамаша білдіріп тұр. Сонымен қатар ауқымды жобаның ауыр жүгін, қара жұмысын белі қайыспай көтеріп шыққан жұмыс тобына оқырман қауым ризашылық білдірулері керек. Еселі еңбек ел игілігіне жұмыс істей берсін», деді С.Абдрахманов.
Бас басылымның бай қазынасын түгел тасқа басу әлбетте мүмкін емес. Алайда, келешекке өткеннің келбетін көрсететін бұл жинақ мәдени қазынамыздың бір бүйірін толтырып тұрғаны анық. Шарада аузы дуалы сөз майталмандары бес томдыққа осылай баға берді. Шараны газеттің ардагері, ақын Қорғанбек Аманжол басылымға арнаған өлеңімен түйіндеді.
Талқылау
Сондай-ақ оқыңыз:
02 декабрь 2011, Пятница
ЖУРНАЛИСТИКА ӨЗГЕЛЕР АМАНДАСА ДА АЛМАЙТЫН АДАМДАРМЕН АРАЛАСЫП-ҚҰРАЛАСТЫРАДЫ
Пікірлер (0)