18 ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРА ҚАЙТА ЖАҢҒЫРАДЫ
«Айқын» газеті
2019 жылғы 22 қаңтар
Тельман БЕЙСЕН,Түркістан облысы
18 ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРА ҚАЙТА ЖАҢҒЫРАДЫ
Еліміздегі тарихи-мәдени мұраларымызға ерекше мәртебе беріліп, қазақ даласындағы әрбір құнды жәдігердің сақталуы заңдылық тұрғыда қамтамасыз етіліп, қауіпсіздік шаралары күшейтілетін болады. Бұл туралы Түркістанның төрінде өткен «Тарихи-мәдени мұраны қорғау мен кеңінен танытуды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету» атты көшпелі отырысы барысында Мәжіліс депутаттары және тарих саласының майталмандары мен жанашырлары қатысқан жиында айтылды. Сондай-ақ Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің маңында амфитеатр, су бұрқақтары, мәдени демалыс орындары және ашық аспан астындағы музей ғимараттары бой көтереді. Бұл айтылғандар ұлттық құндылығымыздың мәртебесін және мемлекетіміздегі туризм саласының әлеуетін көтереді.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелері, тарих жанашырлары және осы саланың құзырлы қызметкерлері бар жұмысшы топ Түркістан облысына іссапармен келді. Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов жетекшілік етіп келген жұмыс тобы алдымен Отырар ауданындағы тарихи-мәдени орындарды аралады. Атап айтқанда, фарабилер мекеніне ат басын тіреген Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова, Мәжіліс депутаттары, Бейбіт Мамраев, Сауытбек Абдрахманов, Кеңес Абсатиров, Зәуреш Аманжолова, Әбдіманап Бектұрғанов, Фахриддин Қаратаев, Кәрібай Мұсырман, Айгүл Нұркина, Жәмила Нүсіпжанқызы, Бақытбек Смағұл, маман Аяулы Әлиева, тарих саласының жанашыры Берік Әбдіғани, тарих ғылымдарының докторлары мен археологтар, реставраторлар және басқа да қонақтар Шәуілдірде орналасқан «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі» орталығындағы сақталған құнды жәдігерлермен танысты. Келесі кезекте Отырар төбенің басында жүріп жатқан абаттандыру жұмыстары құрылысын көріп, Арыстан баб кесенесіне табан тіреді. Тарихи нысандарды аралау барысында депутат Сауытбек Абдрахманов іссапар барысының негізгі мақсаты мен жоспарын айтты. «Мәжілісте тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заң жобасы қаралып жатыр. Осы заң жобасын талқылауды Түркістан қаласындағы көшпелі отырыста ұйғардық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына Отырардың тарихи сананы жаңғыртып, жаңа биіктерге көтеруде атқаратын орны орасан», – деді С.Абдрахманов. Айта кету керек, Отырар ауданының әкімдігі музейге, Отырар төбе, Арыстан баб кесенесіне келуші туристерге жайлы жағдай жасау үшін Сапар орталығын салуды қолға алыпты. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, ел игілігіне берілмек. Нысандармен танысқан жұмыс тобының мүшелері ойларымен бөлісті. Пікір білдірген Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырманов былай дейді. «Тарихи-мәдени нысандарды қарап шықтық. Заңды тұрғыдан Үкіметтік деңгейде шешілетін проблемалармен танысып жатырмыз. Қазір мемлекет тарапынан қыруар қаражат бөлініп жатыр. Бір ескеретін нәрсе бар екен. Атап айтсам, бұл жерлердегі облыстық маңызы бар бірқатар жолды республикалық маңызы бар жолға айналдыру қажет деп санаймын. Өйткені туристерге халықаралық деңгейде қызмет көрсету қажет», – деді. Жиын одан соң А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ғимаратында «Тарихи-мәдени мұраны қорғау мен кеңінен танытуды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету» атты көшпелі отырысымен жалғасты. Оған Мәжіліс депутаттары, Түркістан облысы әкімдігінің басшылығы мен қызметкерлері, мемлекеттік органдар, қоғам, мәдениет, археология ұйым өкілдері, сарапшылар және бірқатар жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты.
Көшпелі отырыс шеңберінде тарихи-мәдени мұраны қорғау мен кеңінен таныту заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
Жиын аясында сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бүгін тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау өзекті мәселе болып отырғанын жеткізді. Қаралып жатқан жаңа заң жобасы олқылықтардың орнын толтырып, мәдени мұрамызды сақтап қалуда шешуші рөл атқаратынына сенімі мол екенін айтты. Ол тарихи-мәдени мұраларымызды сақтаудағы өзекті болып отырған кейбір мәселеге тоқталды.
«Тарихи-мәдени ескерткіштер ішінде археологиялық ескерткіштердің жойылып кету қаупі жоғары. Әсіресе, шаруашылық, құрылыс жұмыстары әсерінен зардап шегуі мүмкін. Археология ескерткіштері негізінен дала, таулы жерлерде орналасқан. Олардың сақталуын үнемі бақылауда ұстау мүмкін емес. Жаңа заң жобасына сәйкес, ескерткіш орналасқан жердің меншік иесін ескерткіштің сақталуына жауапты ету олардың сақталуына оң әсерін береді», – деді Жансейіт Түймебаев.
Баяндамасында аймақ басшысы Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық басым бағыттары бойынша атқарылып жатқан нақты жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ ол Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Созақ ауданындағы Ақсүмбе қарауыл мұнарасы (ХІІІ ғасырға жататын бірегей сәулет ескерткіші) мен Ордабасы ауданындағы Ишан базар мешіті ескерткіштеріне республикалық мәртебе беру жөніндегі ұсыныс Мәдениет және спорт министрлігіне жолданып, министрліктің жанынан құрылған арнайы комиссияның отырысында қаралып, оң шешімін тапқанын жеткізді.
Алдағы уақытта Түркістанда 18 тарихи-мәдени мұра нысаны қайта жаңғыртылмақ. Облыс басшысының мәліметінше, Түркістандағы жаңа құрылыс аймағында Қазақ хандары мен билерінің орталығы, Шығыс моншасы, Ұлы дала елі және Түркі әлемінің орталықтары, Яссауи музейі, Астана саябағы мен Бейнелеу өнер музейі салынады. Сонымен бірге, Ұлы Жібек жолы бойындағы Отырар, Сауран, Сидақ, Күлтөбе, Қараспантөбе, Жуантөбе қалашықтарына археологиялық зерттеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі аумағында «Күлтөбе» ашық аспан астындағы музейі салынып, Мәдениет және спорт минстрлігімен бірлесіп, Отырар қаласын қалпына келтіру және абаттандыру, инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қолға алынады.
Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Б.Мамраев жүргізген отырыста Мәдениет және спорт вице-министрі А.Райымқұлова, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, академик Б.Байтанаев, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Н.Ахметжанов, археолог, тарих ғылымдарының докторы В.Зайберт, А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті, профессор Женгиз Томар, Мәжіліс депутаты, аталған заң жобалары бойынша жұмыс тобының жетекшісі С.Абдрахманов сөз сөйледі.
Жиынға қатысушылар қоғамның барлық тыныс-тіршілігі саласында ауқымды өзгерістер жасауға ынталандырған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында қойылған міндеттерді орындау қажеттігін атап өтті.
Талқылау
Сондай-ақ оқыңыз:
02 декабрь 2011, Пятница
ЖУРНАЛИСТИКА ӨЗГЕЛЕР АМАНДАСА ДА АЛМАЙТЫН АДАМДАРМЕН АРАЛАСЫП-ҚҰРАЛАСТЫРАДЫ
Пікірлер (0)