ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі публицист, журналист, мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов жуырда Павлодар өңірінде болып қайтты. Депутатпен қазіргі еліміздегі ахуал туралы, ұлтаралық қарым-қатынас жайлы біраз әңгіме өрбіген еді. Сол сұхбаттың өзегін назарларыңызға ұсынамыз. - Сауытбек Абдрахманұлы, Ертіс өңіріне хош келіпсіз! Бүгінде елімізде жоғары биліктің ауысуы жүріп жатыр. Осы мәселеге қатысты Мәжіліс депутаты ретінде ойыңыз қандай? - Журналистер қауымы кейде әлдебір оқиғаның салмағына, маңызына терең мән бермей, кейде орынды, кейде орынсыз, кейде саясаттың ығына қарай «тарихи оқиға» деп баға беріп жатады. «Бүкіл әлем көз тігіп отырған жағдай» деп алады да, кейде соған өздері де сеніңкіремейді. Бұл құбылысты «журналистік штамп» десек болады. Ал мынау - бүгінде еліміздің бастан кешіріп отырған жағдайы, шын мәнінде, тарихи оқиға. Отыз жыл дересінде болмаған оқиға. Отыз жыл дегеніміз - Нұрсұлтан Әбішұлын Парламент шешімімен Президент ретінде сайлаған мерзімнен бастап отырғанымыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктің ұшар басында отырып, қолында барлық билік тұрғанда ешкімнің талап етуінсіз, өзінің бастамасы бойынша, Коституцияға сәйкес өкілеттілігін ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа беруі елімізде заңның, конституциялық норма-лардың қалай сақталып отырғанын көрсетеді. Міне, бұл жағдай расында әлем назарын аударды. Таяуда біз Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің жетекшілік етуімен Дохада (Катар мемлекеті) өткен Парламентаралық одақтың 140-ыншы ассамблеясына қатысып келдік. Сонда келген 9-10 мемлекеттің лауазымды тұлғалары, саясаттанушылары спикермен кездесу барысында Қазақстанда болған президенттік өкілеттілікті тапсыру оқиғасына үлкен қызығушылық танытып, мән-жайын сұрастырды. Біздің елде жоғары биліктің осындай өркениетті түрде, Коституциямызға сәйкес өткеніне бәрі таң қалып отыр. Билік транзиті «жұмсақ» тәсілмен өтті. Осындай лебіздерді тыңдап отырып, біз әлем жұртшылығының назарында екенімізге көз жеткіздік. Әрине, әлеуметтік желілерде еліміздегі тұрмыс-тіршілікке байланысты әртүрлі әңгімелер тарауда. Бірақ оның бәрі жалпы жағдаймен алып қарағанда елеулі мәселе емес. Бүгінде статистикалық дерекке сүйенсек, Қазақстан экономикасы өткен жылы 4,3 пайызға өскен. Қазіргідей әлемдегі жүйелі дағдарыс заманында бұл - үлкен көрсеткіш. Барлығы да салыстыру барысында танылады. Бүгінде біздің халқымыздың тұтынушылық сұранысы күшейді. Күні кеше «Жигули» маркалы көлікке қолы жеткен адамнан асқан бақытты жан болмаған шығар. Бүгінде оның жанынан «Мерседес», «Лексус» машиналары ағып өтсе, ескілеу көлігі барлар өздерін кемшін, төмен сезінеді. Бірақ түптеп келгенде, сол діттеген жеріңізге екі көлік те бірдей уақытта жетеді ғой. Біз тек қол жеткен үстіне ала берсек деген ойдың жетегінде кетіп барамыз. Бірақ қазақ халқында «шүкіршілік», «тәубе» деген сөздер ертеден бар. Кесірлене беретін болсақ, барымыздан қол үзіп, айырылып қалуымыз да неғайбыл. Проблемалар туындауы мүмкін. Міне, қазір Сарыарқаның таза ауасымен көкірек кере дем алып отырмын. Егер осы ауа болмаса, адам небары 1-1,5 минут ішінде тұншығады екен. Елдегі тыныштық, ұлтаралық қарым-қатынас та солай. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев іргесін қалаған мемлекетіміздің бірлігін сақтай білейік. «Бақыт бағалағанның басында тұрады» дейді. Осындай бақыттың бірі – келісім. Біз соны көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. - Бүгінде еліміздегі азаматтардың бойында тағы қандай қасиеттер жетіспейді деп ойлайсыз? - Әлеуметтік желілерге үстемдік беріп қойдық. Соның салдарынан кейде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмай қаламыз. Бұл - аса маңызды нәрсе. Жыл басында Қарағандыда қайғылы жағдай болды. Екі-үш күн бойы жұртшылық қанды оқиғадан тұла бойы түршігіп, елеңдесті. Ақпараттың дұрыс болмауы себепті «армяндар қазақты ұрып жықты, өлтірді» деген қауесет тарады. Бұл кейбір бөтен пиғылдылар үшін оңтайлы болып шықты. Бірақ кейін бәрі айқындалды. Кінәлілер заң аясында жазасын алды. Бұл жерде ресми ақпараттың дер кезінде таратылмауы осындай алыпқашты, ұлттар арасына алауыздық тудыратын әңгімелерге түрткі болды. Тағы бір оқиға - Қысқы олимпиада жүлдегері, бәріміздің қимас бауырымыз Денис Теннің кісі қолынан ажал құшқаны. Ешкім де «кәрісті қазақ өлтірді» деп айтқан жоқ. Барлық ресми органдардың ақпараттары жедел берілді. Бірден бәрі түсінді: Денис Тенді бір оңбаған қылмыскер пышақтады. Әрине, бұл еліміз үшін өте өкінішті жағдай болды. Достық бар, келісім бар, бірлік бар жерде ғана тірлік болады. Соның бәрі қазақтардың кезінде Қазақстанға тағдыр жазуымен көшіп келгендерді бауырына тартқанынан басталды. Осындай өңірдің бірі – Павлодар облысы. Достықты ежелден бағалай білетін, дамыта білетін дәстүрлерге ие. Мен мұндай облыстың жұртшылығына бақыт тілеймін. - Табысты арттыру мәселесі көпшілікті алаңдатады. Осы орайда кәсіп көзін табуға байланысты қандай олқы тұстарымыз бар деп ойлайсыз? - Біздің елімізде табыс табудағы алшақтық мәселесі өзекті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар мәселелер жинақталып қалғанын айта келіп, осы адамдардың табыстары арасындағы алшақтық мәселесін қысқартуды ұсынды. Мәселен, 2019 жылғы ақпан айындағы орташа еңбекақы мөлшері 97584 теңге деп айтылады. Осыны оқыған біреулер: «мен мұнша алмаймын ғой, бұл қалай?» деп түсінбей жатады. Расында, бұл әркім осынша көлемде еңбекақы алады деген сөз емес. Біреуі 50 мың, енді бірі 400 мың, басқасы 300 мың, келесісі 57 мың теңге алуы мүмкін. Осылардың жиынтығын есептеп, орташа мөлшерін шығарғанда, әлгіндей сома құралады. Біраз адамдардың көңілінің толмауының себебі осыдан. Жалақы көлемі бірдей болып белгіленбейді. Әркім өзінің істеген еңбегіне қарай алуы заңдылық. Бірақ солай екен деп, айырмашылығы жер мен көктей болмауға тиіс. Болашақта әкімдер мен Үкіметтің айналысатын бір ісі осы болуы керек деп ойлаймын. Тағы бір мәселе – табыс табудың бір ұшы өзімізге байланысты. «Ақша жетпейді» деген сөзді жиі естиміз. Солай бола тұра, ауылға барсаңыз, көпшілігі мал ұстамайды. Сиыр саумайды, сүтін дүкеннен сатып алады. Ертеден белгілі, қолдың тағамы сіңімді әрі арзан. Дүкеннен алғаныңыз сапасы былай тұрсын, қалтаңызды қағады. Ол нені білдіреді? Халқымыз бойын ауыр еңбектен аулаққа салып барады. Қанша озық технология болса да, адамдар еңбектен бой тартса, ештеңе өркендемейді. Бұл екіні екіге көбейтсе төрт болады дегендей анық ақиқат. Қара жұмыстан қашу, оны қорлық көру – жастардың бойына сіңіп барады. Мал бағудан қашатын халыққа айналып барамыз. Егін егуден бойын тартатын халыққа айналып бара жатырмыз. Ауылда мал ұстамасақ, сиыр саумай сүтті дүкеннен сатып алсақ, дәмді екенін біле тұра тандыр нан жаппай дүкеннен сатып алатын болсақ, табысымыз қалай артпақ? Тек уақыт бөліп, көңіл қойсақ болғаны. Бір сағатқа артық жұмыс істейсіз. Өкінішке қарай, қазір мұның бәрі көп адамға намыс болып барады. Күнін көре алмай жатқанда қайдағы намыс десеңізші. Кедейдің керлігі, кесірлігі жаман. Абай атамыз да мұндайды қатты сынаған. Осындай нашар қасиеттерден бойымызды тазартуымыз керек. Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласын қолға алуы осыдан. Санамызды өзгертпей алға баспаймыз. - Өзіңіз Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутатсыз. Еліміздің дамуында тағы қандай мәселелерге көңіл бөлу керек деп ойлайсыз? - Баламның шақыруымен Парижде Адамның дамуы музейінде болдым. Сонда жәдігерлерді көріп, деректермен танысып, қайран қалдым. Адамзаттың жылқыны қолға үйретуі осыдан 6 млн. жыл бұрын басталған екен. Онда да басқа жерде емес, өзіміздің Еуразия жерінде, қазіргі Нұрсұлтан қаласынан қашық емес жерде. Оның бәрі - ертеден ғылыми түрде дәлелденген ақиқат. Асауды да алғаш ауыздықтаған, атқа да алғаш қонған біздің ата-бабаларымыз екен. Әлемге ат мінуді үйреткен! Осылайша уақыт көшінің ілгерілеуіне, қозғалыстың үдеуіне біздің бабаларымыз зор үлес қосқан. Зерттеушілер қыш ыдыстың қабырғасынан қымыздың қалдығын тапқан. Яғни, біздің аталарымыз жылқыны қолға үйретумен қатар оны сауып, қымыз әзірлеуді де алғаш болып меңгерген. Осылайша әлемге өркениетті алып келген. Біз осындай даңқты бабаларымызды мақтан етіп, соған сай өмір сүруіміз керек. Жұмыр жердің үсті де, асты да - байлық. Достыққа қадірліміз, кең жүректіміз. Енді аз-кем депутаттық қызметімізге тоқталайын. Мен бұған дейін республикалық «Литер» газетіне «Нас мало, но мы сила» деген мақала жариялап, «барлығын тәптіштеген едім. Енді қысқаша айтып өтейін. Парламентте әртүрлі партиялардың депутаттары бар, олардың жұмыс топтары бар. Біздің «Нұр Отан» партиясының фракциясы ретінде Елбасының белгілеген міндеттері бойынша жұмыс жүргізілуде. Соның бірі – қазақ тілінің әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша. Депутат ретінде ұйғыр ұлтының өкілдеріне «сіздер де латын графикасына көшсеңіздер қалай?» деп ұсыныс айтып едік, зиялы қауым өкілдері ақылға салып, екі-үш айдың ішінде өздерінің нұсқасын әзірлеп қойды. Алдағы уақытта іске асыратын болады. Сол секілді, өзбек өкілдері де біздің ұсынысты қолдады. Дыбысталулары бірдей, соншалық кедергілер жоқ. Олар да Ташкенттен алдырып, әліпби нұсқасын қабылдамақ. Бізді үнемі мемлекеттік қазақ тілін үйрету, орыс тілін үйрету мәселесі алаңдатады. Өкінішке қарай, еліміздің Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында орыс тілін мүлдем білмейтін тұтас буын өсіп шықты. Олар орыс тілін түсінбесе, ол тілде сөйлей алмаса, ұлы орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларын оқи алмайды, спектакльдерін, киноларын көре алмайды деген сөз. Олай болмауы керек. Тілді білу, мәдениетті білу - байлық. Ал Павлодарда керісінше, қазақ тілін меңгеру мәселесі өзекті. Әрине, бір кездегі жағдаймен салыстырғанда, жағдай біршама жақсарған. Десе де, мәселелер бар. Бұл менің екі-үш күн осы өңірде болғанымда бағалап көргенім емес, жеке басымның Павлодар өңірге тікелей туыстық қатынасым болғандықтан жағдайдан хабардармын. Біздің ана тіліміз, ғажап тіліміз, ұлы тіліміз өркендеуі керек. Кезінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы Ленин орденін алды, кеңес өкіметі кезінде «Жұлдыз» әдеби журналы 230 мың данамен шығып тұрды. Қазақша шығармаларды оқырман іздеп жүріп оқыды. Тілдің беделі түспеді, елдің беделі түспеді. - Жастарға айтарыңыз бар ма? - Филология мамандығы бойынша білім алушы студент жастарға айтарым бар. Әдебиетті ғана оқытпай, әдебиетті жасаумен де шұғылдану керек. Шығарма жазыңыздар. Мұғалімдер қазір тек сабақ оқытумен шектелетін болды. Әдебиетпен шұғылдану керек. Қазіргі олқы жағдайымыздың бір себебі – «әдебиетшіні оқытпайды, ол - Құдайдан берілетін талант» деген үстірт көзқарастан туындаған жайт. Кезінде журналистикада оқушылар арасынан мықты әдебиетшілер шықты. Қазірде журналис-тикада білім алушылар тек газет, телеканал, радионың айналасынан ұзамайды, соған ғана басымдық беріп шектеледі. Олай болмауы керек. Ана тіліміз ғажайып тіл дегенде біз өзге жұрттан артық жаратылған халық емеспіз. Бірақ біздің ата-бабаларымыз негізгі назарды тілге, өнерге салған. Қазақ бу паровозын, айырплан ойлап тапқан жоқ, кемелер құрастырған жоқ, барлық күшін тілге, өнерге жұмсады. Содан біздің тіліміз, әніміз, күйіміз дамып кеткен. Осыны жоғалтпауымыз керек. Осы мәселені «Нұр Отан» партиясының «Мирас» клубында көтеріп, талқылап, кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткіздік. Осылайша, Әдебиет академиясын құру қолға алынуда. - Халық игілігі үшін көтеріп жатқан бастамаларыңызға сәттілік тілейміз. Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан - Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.
saryarka-samaly.kz